Маңғыстау ауданындағы «Айналайын» мемлекеттік бөбекжайында «Тұзды шахтасы» кабинеті іске қосылды.
Аталған кабинет Маңғыстау ауданы бойынша алғаш рет бөбекжайда ашылып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, «Тұз шахтасы» бөлмесін ашу үшін бөбекжай мамандары арнайы оқудан өтіп, сертификаттар алды.
«Алдымен бөлмені желдетіп аламыз. Одан кейін тұз қоспасы бар арнайы құрылғы тоққа қосылады. Тұз шахтасында бүлдіршіндер 20 минуттан аспайтын уақытта сеанс алады. Бөлменің қабырғасы мен едені тегіс тұздан жасалған және натрий хлоридінің құрғақ аэрозолін шашып тұратын галогенератор бар. Ол пайдалы тұзды ауаға бөліп шығаратын арнайы құрылғы. Тұз шахтасы бронхит, жүрек аурулары, невроз, демікпе және аллергия сияқты аурулармен күреседі. Тыныс жолдарын микробтардан қорғайды» - дейді бөбекжай меңгерушісі Салима Нұртілепова.
Сондай-ақ, балалар ем қабылдағанда арнайы ойындар ойнап, өлең айтып отырады. Өлең айту арқылы балалардың тынысы ашылып, тұзды ауаны жұту арқылы емделеді. Бүлдіршіндер үшін арнап ашылған бұл бөлме іші арнайы дезинфекцияланып, әр сеанс сайын тазартылып отырады.
Арнайы ашылған кабинетке балаларды қабылдау 15 тамыздан басталады.